Бүгін «Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы» ММ-нің басшысының орынбасары Серікбаева Лейла Пернебайқызының төрағалығымен «Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы» ММ-нің ШЖҚ «Алматы облысының паллиативтік көмек ауруханасы» КМК 2025 жыл қорытындысы бойынша есептік жиналысы өтті. Есептік баяндаманы аурухана директоры Уринбасаров Ағабек Қуандықұлы таныстырды.
Жиналыс барысында мамандардың біліктілігін арттыру, Алматы облысында паллиативтік көмектің қолжетімділігін кеңейту, мобильдік бригадаларды ұйымдастыру және науқастардың өмір сапасын жақсарту мәселелері жан-жақты талқыланды. Іс-шара қорытындысында Серікбаева Лейла Пернебайқызы аурухана қызметкерлерімен бірге аурухананы аралап, науқастармен сұхбат жүргізіп, көрсетіліп жатқан медициналық көмектің сапасымен танысты.
2025 жылы мекемеде жүйелі даму жұмыстары жүргізілді. Төсек қоры 50-ден 70 төсекке дейін ұлғайтылып, тәуліктік стационар деңгейіндегі паллиативтік медициналық көмектің қолжетімділігі артты.
Аурухана мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалы арасында қаржыландыру көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 98,8 % өсті. Осыған байланысты штаттық кесте 2024 жылмен салыстырғанда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 30 маусымдағы № 419 бұйрығына сәйкес кеңейтіліп, жас мамандар мен тар бейінді дәрігерлер жұмысқа тартылды. Атап айтқанда, кардиолог, ревмотолог, хируруг дәрігерлері. Қосымша орта буынды медицина қызметкерлері мен кіші буынды медицина қызметкерлері 3 постқа ұлғайтылды.
Сонымен қатар аурухана дәріханасы іске қосылып, фармацевт-провизор және орта буынды фармацевт мамандары жұмысқа тартылды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 27 қаңтардағы № ҚР ДСМ-11 бұйрығына сәйкес «дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау» жұмыстары ұйымдастырылды.
Жыл қорытындысы бойынша аурухана қызметі тұрақты көрсетіліп, қаржылық көрсеткіштер жоспарлы деңгейде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалымен жасалған келісім-шарттың негізінде 100% деңгейде орындалды.
2026 жылға арналған негізгі мақсаттар — өңір халқының қажеттілігін ескере отырып, паллиативтік төсек қорын кезең-кезеңімен ұлғайту және үй жағдайында білікті медициналық көмек көрсету үшін мобильдік паллиативтік бригадаларды құру. Бұл шаралар Алматы облысының жағдайы ауыр науқастарының өмір сапасын жақсартуға және мамандандырылған паллиативтік медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.