Паллиативтік медициналық көмек алу барысында науқастардың құқықтарын сақтау ерекше маңызға ие. Әрбір адам өзінің денсаулық жағдайына қарамастан, құрметке, қамқорлыққа және ізгілікті қарым-қатынасқа құқылы.
Паллиативтік көмек алатын науқастар медициналық көмекті қолжетімді және уақтылы алу, ауырсынуды жеңілдету, медициналық ақпаратты түсінікті түрде алу құқықтарына ие. Сонымен қатар науқастың жеке өміріне қол сұқпау және медициналық құпияның сақталуы негізгі қағидаттардың бірі болып табылады.
Науқастардың құқықтарын қамтамасыз ету медициналық персоналдың кәсіби жауапкершілігімен тікелей байланысты. Көрсетілетін көмек науқастың жасына, әлеуметтік жағдайына немесе ауруының ауырлығына қарамастан тең дәрежеде жүзеге асырылуы тиіс.
Паллиативтік көмек көрсету кезінде туыстарының қолдауы да маңызды рөл атқарады. Белгіленген тәртіпке сәйкес, отбасы мүшелерінің науқасқа күтім жасауға қатысуы оның психоэмоционалдық жағдайын тұрақтандыруға ықпал етеді.
Медициналық ұйымдар науқастардың құқықтарын қорғау бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударады.