Құрметті әріптестер!
Елімізде талқыланып жатқан конституциялық реформаның мәніне қысқаша тоқталуды маңызды деп санаймын.
Жаңа Конституция жобасы ауқымды әрі жүйелі жұмыстың нәтижесінде әзірленді. Оны дайындауға мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, заңгерлер, ғалымдар, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Мұндай кең ауқымды жұмыс форматы түрлі пікірлерді ескеруге және Негізгі заңды жан-жақты жаңартуға мүмкіндік берді.
Құжатты талқылау ашық форматта өтті, азаматтар мен кәсіби қауымдастық өз ұсыныстарын енгізе алды. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған қадам болып табылады.
Конституцияның жаңа редакциясы:
- адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын күшейтуге;
- билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен жауапкершілікті арттыруға;
- әділеттілік және мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын дамытуға;
- азаматтарға бағдарланған тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Әлеуметтік сала, соның ішінде денсаулық сақтау жүйесі үшін бұл өзгерістердің маңызы зор. Адамның қадір-қасиеті мен әл-ауқатын жоғары құндылық ретінде тану – біздің күнделікті қызметімізбен тікелей байланысты. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.
Біздің міндетіміз – кәсіби, жауапты және ашық қызмет көрсету қағидаттарын ұстана отырып, пациенттердің сенімін сақтау және медициналық көмектің сапасын тұрақты түрде арттыру.
Құрметпен, Уринбасаров Агабек Кувандыкович!