Паллиативтік медициналық көмектің негізінде адам қадір-қасиетін құрметтеу қағидаты жатыр. Сондықтан этика және гумандық қарым-қатынас паллиативтік көмектің ажырамас бөлігі болып табылады.

Науқастың денсаулық жағдайына қарамастан оған құрметпен қарау, пікірін тыңдау және оның қажеттіліктерін ескеру медицина қызметкерлерінің маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Мұндай тәсіл науқастың өзін қауіпсіз әрі қорғалған сезінуіне мүмкіндік береді.

Мысалы, науқаспен қарым-қатынас барысында медициналық ақпаратты түсінікті тілде жеткізу, оның сұрақтарына жауап беру және шешім қабылдау кезінде пікірін ескеру маңызды. Бұл өзара сенімді нығайтып, медициналық көмектің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Этикалық қағидаттар науқастың жеке өміріне құрметпен қарауды және медициналық құпияның сақталуын да қамтиды. Науқас туралы ақпарат тек заңнамада көзделген тәртіппен пайдаланылуы тиіс.

Паллиативтік көмекте туыстарымен дұрыс қарым-қатынас орнату да маңызды. Жақындарына қажетті ақпарат беру, эмоционалдық қолдау көрсету және туындаған мәселелер бойынша кеңес беру күтім сапасын жақсартады.

Skip to content